«Үздік сүйіс», «Үздік төбелес», «Ең жауыз»! Әйгілі MTV Movie & TV Awards танымалдарға, дәл осындай ерекше марапаттарды табыстады. Сонымен, жұлдыздар арасында қара үзіп жүлдегер атанған кім? Тілшіміз толықтырады.
MTV Movie & TV Awards жұлдыздарды жинап, жүлделерді жомарттықпен таратты. Ал кештің жүргізушілік тізгіні Тиффани Хэддишке бұйырған еді. Әзілқой актриса, сахнада Меган Марклдың неке көйлегінде төбе көрсетті.
Тиффани Хадиш, актриса:
-Бұл көйлек ханшайым Меган Марклға ғана жарасады деп кім айтты?
Кейіннен кеш кезегі ерекше аталымдарды таратумен жалғасты. Мәселен, соның бірі - «үздік сүйіс» Ник Робинсон мен Кейнан Лонсдейлге табысталған еді.
Ал, «ең жауыз» - Майкл Джордан. Актердің, «Қара қабылан» лентасындағы кейіпкерді шынайы жеткізу шеберлігі дәл осылай бағаланған.
Майкл Джордан, актер:
-Шынымды айтсам, жауыздар арасынан үздік атанамын деп еш ойламаған едім!
Аталмыш суперқаһармандар туралы лентаның бұл жалғыз жеңісі емес. Одан өзге, «Қара қабылан» «үздік фильм, «үздік актер», «үздік кейіпкер» сынды үш бірдей марапатты еншіледі.
Кардашьяндар әулеті де салтанатты шарадан құр алақан қайтпады.
Ким Кардашьян, сәнқой:
-Реалити-шоуымыздың көрермендеріне алғыс айтамын!
MTV Movie & TV Awards жиналған жұлдыздарды барынша ренжітпеуге тырысқандай.